1-6 желтоқсан аралығында елордада жұмысшы жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге өтініштер қабылданады, деп хабарлайды DalaInform Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өтінім беру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет, өйткені өтініштер тек онлайн режимде қабылданады. Барлық анықтама мен құжаттар жаңа болып, өтінім берген кезде алынуы керек», – деді бас қаланың тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы Арманай Оңғарбаева.
Бағдарламаға қатысу үшін порталы арқылы өтініш беруге болады.
Өтінім берушілер барлық құжат және анықтамаларды бір сканерленген файлға тіркеуі тиіс. Өтініш бергеннен кейін өтінім берушілер оның мәртебесі туралы SMS хабарлама алады. Егер өтініш беруші бағдарлама шарттарына сәйкес келсе әрі толық тізімін ұсынса, онда өтінім жұмысқа алынады. Егер өтініш беруші құжаттардың толық емес пакетін тіркесе немесе олар сапасыз болса, оған түзету қажет екені туралы хабарланады. Егер үміткер бағдарлама шарттарын орындамаса, оған бас тарту туралы хабарлама келеді.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана алушылардың тізімдері zhilfond.kz сайтында жарияланады. Осы бағдарламаға қатысты барлық сұрақ бойынша 109 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.
Атап өтсек, бұған дейін төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде өтінім берушілердің табысы азайып, олар 42 500 теңге алған болса, бұл мәселе ескерілетіні айтылған болатын. Ол үшін сізге осы жеңілдік есептелген картаның шотынан үзінді-көшірмені қосу керек.
Іріктеу балдық жүйеге негізделеді. Ұпайлар отбасы, балалары, жеке кәсібі, мемлекеттік қызметте немесе бюджеттік ұйымда жұмыс істегені үшін беріледі. Жеке жетістіктер де ескеріледі – сертификаттар, марапаттар.
Соңғы екі жылда меншігінде баспанасы жоқ 29 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары жалға берілетін үй алуға өтініш бере алады. Ерлі-зайыптылар және балалардың мүлкі болмауы тиіс. Соңғы екі жылда қалада үзіліссіз тұрақты тұрғаны жөнінде құжат қажет. Өтінім берушілердің ресми кірісі 40 АЕК немесе соңғы алты айда 111 120 теңгені құрауы керек.