Нұр-Сұлтанда 2021 жылы «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жалғасатын болады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Мемлекет жас ұрпақты қолдау үшін барлық жағдайды жасайды. Олар еліміздің қозғаушы күші және болашағы болып есептеледі. Елбасының тапсырмасы бойынша 2019 жылы елордада жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Сол кезде мыңнан астам адам жалдамалы пәтерге ие болды. Осы уақыт ішінде оларға аяққа тұрып, белгілі бір көлемде капитал жинауға мүмкіндік туады. Қаңтар айында біз тағы 350 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Ал 2021 жылдың соңына қарай 1050 пәтер беріледі», — дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2020 жылы елордада жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылған. Биыл бұл жұмыстар да жалғаспақ. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін авариялық және ескірген тұрғын үйлерді бұзу, лифтілерді ауыстыру және тұрғын үй кешендерін жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, тұрғын үй сертификаттарын алушылар мен тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылардың санаттары кеңейтілген.
Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін өсіп отыр.