Бүгінде мешіттерде алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар сақталып келеді. Осыған орай, ертең, яғни 5 ақпан күні қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан ауылдық құлшылық үйлерінде санитарлық талаптарды қарастыра отырып, жұма намазы қайта оқыла бастамақ деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті аппарат жиналысында айтылды.
Жиында мешітке келуші жамағаттың санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қадағалау, солардың ішінде мешітке келушілерді дене қызуын өлшейтін құрылғылар арқылы тексеріп кіргізу, антисептиктермен қамтамасыз ету, жамағат намазы кезінде 1 метр қашықтықты сақтай отырып, арнайы белгіленген орында құлшылық жасау, намаз оқитын ғимаратты залалсыздандыру іс-шараларын жүргізу, парыз намазының өтелуінен кейін, көп ұзамай мешітті босатуға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Әр өңірдегі имамдар осы жайттарға қырағылық танытуы тиіс.
Айта кетсек, жуырда ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Денсаулық сақтау министрлігі басшылығымен кездесіп, коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіпсіз «жасыл аймақта» орналасқан мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат беру туралы ұсынысын жеткізген еді.
2021 жылдың 4 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда «жасыл аймаққа» Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары еніп отыр.