Биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға және қазақстандықтарға жеке меншікке беруге 2016 жылы енгізілген мораторий мерзімі аяқталады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Осыған орай Мемлекет басшысы жер комиссиясын құрып, қарашаға дейін Жер кодексіне түзетулер қабылдауды тапсырғаны аян.
«Жер мәселелері жөніндегі арнайы комиссияны құру жұмысы басталып кетті, оған барлық мүдделі тараптар, оның ішінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары, агробизнестің, одақтар мен қауымдастықтардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыстар әкімдіктерінің өкілдері және басқалар кіреді», – деп жеткізді бүгінгі Үкімет отырысында ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров.
Пайдаланылмай жатқан жайылымдық алқаптарды қайтару тұрғысында, 2020 жылдың басында пилоттық жоба Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында іске қосылып, нәтижесінде тиісті өңірлерде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар алаңдағы ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 7,6 млн гектар жайылым, шамамен 700 мың гектар басқа санаттағы жерлер анықталған.
«Көрсетілген облыстардың әкімдіктері пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қоюды тездетуі және олардың ауыл шаруашылығы айналымына тартылуын қамтамасыз етуі қажет.
Бүгінгі таңда, анықталған 7,6 млн гектар жайылымның 2,6 млн гектары ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды, 1,6 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, ал 3,4 млн гектары бойынша жергілікті атқарушы органдар сот органдарында қарастыру үшін материалдар дайындауда», – деген министр ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап республиканың барлық аумағында ғарыштық мониторинг қолданылатынын мәлімдеді.
Бұдан басқа, өткен жылы, Салық кодексіне пайдаланылмайтын жерлерге салық мөлшерлемелерін 10 еседен 20 есеге дейін арттыру бөлігінде өзгерістер енгізілген. Бұл пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүр етпек.
Сондай-ақ, Сапархан Омаровтың сөзінше, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ғарыштық мониторинг деректері негізінде оларды сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жеткізгіштен SMS-хабарлама арқылы тапсыруға көшіру жөніндегі заң жобасы әзірленген, оны қазіргі уақытта Үкімет пысықтауда.
Жер комиссиясының жұмысы және ұсынылған пікірлерді талқылау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бойынша бірыңғай тұжырымдамалық тәсілдемелер әзірленіп, олар жаңа заң жобасының негізін құрамақ. Аталған заң жобасын әзірлеу Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарында көзделген.