Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында сағат 15.15-те екінші шағын ауданда бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде көлемі 16 шаршы метр жерде өрт шықты. Үй заттары мен жиһаз жанды. Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли осылай мәлімдеді, деп хабарлады DalaInform.
«Пәтерде ата-ана қарауынсыз қалған, кәмелет жасқа толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған балалар болған. Алдын ала деректер бойынша, отағасы жұмыста, анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан балалардың бәрі улы газбен уланып, ауруханаға жатқызылған. Дегенмен біршама уақыттан кейін олар көз жұмған», – делінген мәліметте.
Оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек бастаған арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына шықты. Комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті әрі басқа да мүдделі мемлекеттік орган өкілдері кірді. Зардап шеккен отбасыға жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, психологтардың көмегі мен жерлеу рәсімін ұйымдастыру. Жамбыл облысы ТЖД бастығы және жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертханасы әрі өрт сөндіру мен авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің психологтары Жаңатасқа шықты. Сонымен қатар облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов кетті. Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің алты қызметкері әрі бір техника жұмыс істеді. Өрт толықтай сөндірілді.
«Құрметті ересектер! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар!», – деп ескертті мамандар.