Жаңа жыл мерекесі кезінде еліміздің басым бөлігінде күн суытады. Кейбір өңірде 42-43 градусқа дейін аяз түседі, деп хабарлайды DalaInform Қазгидрометке сілтеме жасап.
31 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда көшпелі бұлт шығып, аздап қар жауады, бұрқасындатып, тұман басады. Күндіз 20-25 градус, түнде 30-35 градус аяз болады. Бұған қоса 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ал 1 қаңтарда ауа райы жауын-шашынсыз. Көшпелі бұлт шығып, тұман басады. Күндіз сынап бағанасы 25-30 градусты, түнде 32-37 градус аязды көрсетеді. Жел жылдамдығы – 9-14 м/с.
«31 желтоқсанда Алматыда қар жауып, тұман түсуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы минус 10-15 градус, түнде минус 15-20 градус. Жел жылдамдығы – секундына 2-7 метр. 1 қаңтарда көшпелі бұлт шығады, дегенмен басым уақытта күн ашық болады. Күндіз 10-15 градус, түнде 18-23 градусқа дейін суытады», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерінде минус 42 градус, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кейбір аумағында минус 43 градусқа дейін аяз түседі.