Белгілі өнер қайраткері әрі зерттеушісі Ерлан Төлеутайдың Ресей астанасы Мәскеудегі еміне мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қарайласатын болды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Сонымен қатар, белгілі қоғам қайраткері Айнұр Тұрсынбаеваның қоры емге қажет қаражатты толық аударуға дайын отыр. Қазір, ақын Мирас Асанның жазуынша, көрші елдегі Қазақстан Елшілігі құжаттарды рәсімдеуге кіріскен.
Жағдайды тарқата кетсек, науқастың бір көзі су қараңғы көрмеуге айналса, екіншісіне бір аптаның ішінде ота жасамаса одан да айырылу қаупі төніп тұр.
3 миллион теңге қаржы қажет ота 7-желтоқсан күні Мәскеу қаласында жасалмақшы.
«Көрмей қалған көзінің орнына да гель құяды дейді. Онсыз орны үңірейіп қалмақ… Осы кезге дейін қазақ музыкасын зерттеп, қаншама әнді сіңіріп, жеткізіп жүріп Алматыдан үй де ала алмағанын білеміз. Енді мына қауіп төніп тұр екен!», – деп дабыл қақты журналист Керім Аянқызы.