Елімізде жалақы берешегін жабу мәселесі ерекше бақылауда. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтты деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Өз сөзінде, министр, коронавирус пандемиясы салдарынан елімізде қалыптасқан ахуалды ескере отырып, мемлекеттік еңбек инспекторлары мен кәсіподақтардың жұмысында азаматтардың еңбек құқығын қорғау мәселесіне айрықша мән берілуі керектігін атап өтті.
Ағымдағы жылы еңбек инспекторлары елдің 835 кәсіпорнында 2,6 миллиард теңгеден астам берешекті анықтаған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 24,5 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 2,55 млрд теңге төленген.
«Бүгінгі таңда жалпы берешек 915 млн теңгені құрайды және жыл басынан бері ол 35,5%-ға немесе 505 млн теңгеге азайды. Ең көп берешек Алматы, Қостанай және Түркістан облыстарына келеді. Берешекке жол берген кәсіпорындардың басшыларына 492 нұсқама шығарылып, 68,5 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды және 6 кәсіпорынның басшыларына қатысты жалақыны бірнеше рет кешіктіргені үшін қылмыстық іс қозғалды», – дейді Біржан Нұрымбетов.
Ол, сондай-ақ, жалақы берешегін төлеу тиімділігін арттыру мақсатында Еңбек кодексіне жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы жаңа нұсқама енгізілгеніне, ол атқарушылық құжаттың күшіне ие екеніне назар аударды.
«Бұл шара жалақы бойынша берешек болған кезде шоттар мен мүлікке қамау қою, басқа жерге кетуді шектеу сияқты тиімді шараларды қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді министр.
Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 миллион қазақстандық жұмыссыз қалғаны аян. Құзырлы тараптардың мәлімдеуінше, карантиндік шаралардың жұмсартылуына байланысты кәсіпорындар өз қызметін біртіндеп қалпына келтіріп жатыр. Ағымдағы жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша экономикада жұмыс істейтін азаматтардың саны 8,7 млн адамды, жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрауда.
Еңбекмині басшысы еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – ұжымдық шарттар екенін, олар арқылы жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қатынастарды реттеуге болатынына сенімді.
«Бүгінгі күні ұжымдық шарттар ірі және орта кәсіпкерліктің 96%-ын қамтығанына қарамастан, еңбек жанжалдарының орын алуы қолданыстағы ұжымдық шарттардың сапасы мен мазмұнының төмендігін көрсетеді. Мұнда кәсіподақтар белсенді болуы керек», – дейді Біржан Нұрымбетов.