Бұл сұраққа қазақстандық сарапшылар жауап берді, деп хабарлайды DalaInform.
Экономист Марат Қайырленовтың пікірінше, үкіметтің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін зейнетақы аударымдарын пайдалану бойынша монополиялық оператор ретінде бекітуі дұрыс емес.
«Мен шенеуніктердің бәрін бір шатырдың астына біріктіріп, жасанды монополиялар құру әдетін мүлде дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры монополиялар тиімсіздігінің көрсеткіші саналады. Біздің шенеуніктер бәсекелестік жоқ жердің бәрінде абсурд пен сыбайлас жемқорлық тудырады. Сондықтан коронавирус жағдайында адамның бірыңғай операторға бармай, әрі қарай өз банкінде қызмет алуын қамтамасыз еткен дұрысырақ болар еді. Қазір ақпараттық жүйелер филиалға бармай-ақ қосымша шоттар ашуға мүмкіндік береді. Яғни, инфрақұрылым және кезекке қосымша салмақ түспейді. Себебі қызмет алып жүрген банкте барлық мәлімет бар», – деді ол.
Бұған қоса маманның айтуынша, мемлекетке зейнетақы жинақтарынан табыс салығын алудан бас тартуына болар еді.
«Алуға рұқсат берілетін сома бойынша да шектеу көп. Халықтың 94%-ы бұл акцияға қол жеткізе алмайды. Себебі тек баспанаға инвестициялауға болады. Бұған дейін президент мәлімдегендей, шетелдің бағалы қағаздарына немесе емделуге алуға болмайды. Оның үстіне тұрғын үйді бес жыл бойы сатуға рұқсат етілмейді. Яғни, қаржы операциясын жасауға болмайды. Сондай-ақ халық табысы барған сайын төмендеп келеді. Осындай жағдайда халықтың зейнетақы жинағынан табыс салығын алу дұрыс емес. Шенеуніктер «бізде Ұлттық қор әрі Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері» бар деп кеудесін соғады. Ондай болса, соларды пайдалансын. Сонымен бірге дағдарыс кезінде, мемлекет локдаун енгізіп, жұмысқа тыйым салып отырған кезде салық алу тіптен дұрыс емес», – деді сарапшы.
Экономистің ойынша, Қазақстан экономикасының жақын арадағы перспективалары керемет емес. Сондықтан 1,4 трлн теңге зейнетақы жинақтары бар 700 мың адам Алматы мен Нұр-Сұлтанның жылжымайтын мүлкіне инвестициялағысы келмеуі мүмкін. Бұл қалаларда қазірдің өзінде екі триллион теңге көлемінде ипотека нарығы бар.
«Ел экономикасының одан әрі нашарлау мүмкіндігі басым. Сондықтан бұндай жағдайда шетелдік бағалы қағаздарға құйып, өз табысың және жинағыңды диверсификациялаған дұрыс. Бірақ шенеуніктер «ақшаңды елдегі жылжымайтын мүлікке ғана құй әрі оны бес жыл бойы сатпа, бұның үстіне салық төле» дейді. Олар ештеңені дұрыс басқара алмаса да, әлі тоймай жатыр», – деп қынжылды Қайырленов.
Дегенмен тағы бір қазақстандық экономист Арман Байғанов зейнетақы жинақтарының табыс салығынан босатылуына немесе оны төлеу мерзімін ұзартуға қарсы шығып отыр.
«Қазақстанда табыс салығы 10% құрайды. Ол посткеңестік кеңістіктегі ең төмендердің бірі. Табыс салығы Ресейде 13%, ал Францияда 50% құрайды. Егер біз жеңілдіктер беріп, салықтарды жоққа шығарсақ, онда әлеуметтік бағдарламаларды қалай қамтамасыз етеміз, зейнеткерлерге зейнетақыны, бюджет қызметкерлеріне жалақыны қалай төлейміз, инфрақұрылымды қалай ұстаймыз. Мен мүлде қарсымын, 10% деген көп емес. Егер адамдар көп табыс тапса, табыс салығын да көбірек төлесін. Мен де жылжымайтын мүлікке зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалана алатындар санатындамын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотымда ірі сома бар. Бірақ мен табыс салығын төлеуге дайынмын. Себебі әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрлымды қамтамасыз ету керектігін түсіну қажет», – деді экономист.
Маманның айтуынша, зейнетке шыққандардың бәрі өз жинақтарына табыс салығын төледі. Ал қазір оны зейнетақы жинақтарын пайдаланатындардан ұстамаса, бұл дұрыс болмайды.
«Зейнетақы жинақтарынан табыс салығын төлеу мерзімін ұзарту жұмысы өте күрделі болады, тіпті мүмкін де болмайды. Олар төлеу мерзімін бес-он жылға кейінге шегергісі келеді. Ал бұны кім тексеріп отырады? Бұған қосымша еңбек ресурстары, бағдарламалар қажет болады. Бұл да қосымша шығын. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы да қысқа, себебі деңгейі де жоғары емес. Мүмкін адам сол кезге дейін қайтыс болып кетеді, не болатынын білмейміз ғой. Сонда бұл қаржы кімнен өндіріледі? Осының салдарынан салық берешегі жылжымайтын мүлікпен бірге қайтыс болған азаматтың мұрагерлеріне өтеді. Ол жерде мән-жай баршылық. Табыс салығын төлеу мерзімін ұзарту өте қиын болады, ол не керек? Мен бұдан еш мағына көріп тұрған жоқпын. Сондықтан табыс салығын бірден ұстап қалу қажет», – деді Байғанов.
Оның ойынша, зейнетақы жинақтары бойынша жалғыз оператор ретінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін бекіту – дұрыс шешім.
«Барлық жерде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің инфрақұрылымы және филиалдары бар. Меніңше, ол банк арқылы жұмыс дұрыс жүреді. Басқа банкке беруден ешбір пайда көріп тұрған жоқпын, бұл тағы бір артық штат. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бар, зейнетақы жинақтарын бөлу үшін депарамент құрсын, ол үшін анық ережелер де бар», – дейді сарапшы.
Бұған қоса экономистің пікірінше, үкімет зейнетақы жинақтарын тек қана баспана алуға пайдалану ережелерін әзірлей отырып, біржақты шешім қабылдады. Бұл ипотекалық несиелердің басым бөлігі жинақталған Алматы әрі Нұр-Сұлтанның жылжымайтын мүлік нарығында сұраныс пен қымбатшылық сияқты проблемаға әкелуі мүмкін.
«Қор нарығын да қатар дамыту керек еді. Сонда зейнетақы жинақтарының бір бөлігі сонда кетер еді. Сол жағдайда баспана нарығы «қызып кетпей», жылжымайтын мүлік бағасы аспанға дейін шарықтамайды. Қор нарығы арқылы құрылысты ғана емес, экономиканың түрлі секторын қаржыландыруға болар еді. Қызығушылық туындаса, онда компаниялар мол және арзан ақша үшін IPO-ға да шығар еді. Осылайша, 1,5 триллион теңге зейнетақы жинақтарының 20-30%-ын қаржы нарығына бағыттауға болар еді. Жылжымайтын мүлік бағасы шарықтайды. Әлі ешкім қандай ауқымда қымбаттайтынын сезбей отыр. Бізде көптеген жыл бойы ипотека нарығы екі триллион теңге көлемінде жиналып қалды. Ал баспана нарығына бірнеше айда бір жарым триллион теңге келсе, не болады? Астанада жылжымайтын мүлік бағасы 50%-ға қымбаттауы мүмкін», – деген болжаммен Арман Байғанов ойын түйіндеді.
Айгүл ЕЛТАЙ