Бас қалада жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа бастамалары айтылды, деп хабарлайды DalaInform астананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне сілтеме жасап.
«ANTIKORLIVE» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жаңа заңнамалық бастамаларды түсіндіру бойынша онлайн семинар өткізді.
Семинарға қалалық басқармалар мен аудандық әкімдіктердің басшылары, қызметкерлері қатысты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдағы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады.
Сонымен қатар, парламент және мәслихат депутаттарына, судьяларға, саяси қызметшілерге, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілеріне, квазимемлекеттік сектор басқарушылары мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлықтар беруге тыйым салынады.
Сондай-ақ, егер бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікті тек квазимемлекеттік сектордың бірінші басшылары ғана алса, енді жауапкершілік мемлекеттік бюджет пен ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға, сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге қатысатын қызметкерлерге де жүктеледі.
Бұдан басқа, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылық стандарттарын және жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтауға жауап беретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет институты енгізілді.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметінде мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында туыстық байланыстардың болуына шектеу енгізілді», – деп атап өтті Жазира Жылқышиева.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға жақын туыстарының, жұбайының немесе жекжаттарының тікелей бағынысында болуға, сондай-ақ аталған туыстық қарым-қатынастың өзара тікелей бағыныста болуына тыйым салынады.
Сонымен қатар, заңның жаңа редакциясында жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру.