Украинада әскери ұшақ апатқа ұшырап, 20-дан астам қаза тапты деп хабарлайды Dalainform дереккөздерге сүйеніп.
Ұшқыш ұшақ қонатын жер мен жай автокөлік жолын шатастырып алған деген пікір айтылуда. Қозғалтқыштың істен шығуы да мүмкін.
Оқиға орнына Украина президенті Владимир Зеленскийдің баратыны белгілі болып, ел үкіметінде оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша шұғыл комиссия құрылды.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 25 қыркүйекте сағат 20.50-де Харьков облысындағы Чугуев қаласының маңында әскери әуежайдан шамамен екі шақырым қашықтықта Ан-26 ұшағы құлап, жерге соғылған соң өрт тұтанған. Бортта барлығы 27 адам (7 экипаж мүшесі және әуе күштері оқу орнының 20 курсанты) болған.
Кеше, Қазақстанда, Қызылорда-Алматы бағытындағы «Air Astana» компаниясының жолаушылар ұшағы техникалық себеппен Шымкент қаласының қосалқы әуе айлағына қонуға мәжбүр болды. Зардап шеккендер жоқ.