ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов, 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда COVID-19 қарсы тегін әрі ерікті егіліп жатқан, ресейлік Н.Ф.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Гам-КОВИД-Вак (Спутник V)» вакцинасы туралы айтып берді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Кеше ғана әлемдегі жетекші медициналық ғылыми журналдардың бірі «Lancet» (Ұлыбритания) «SARS-CoV-2» коронавирусына қарсы вакцинаның тиімділігі 91,6% деп хабарлады. Сонымен қатар, «Спутниктен» кейінгі иммунитет кем дегенде екі жыл сақталуы мүмкін екендігі дәлелденді. Вакцина коронавирустың «британдық» және «оңтүстікафрикалық» жаңа штамдарына да тиімді. Сондай-ақ, вакцинаны әзірлегендер «Спутник» Covid-19 орташа және ауыр түріне шалдыққандарды да 100% қорғайды деп отыр», – дейді Ерлан Қиясов.
Вице-министр бірінші кезекте инфекциялық стационар, жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандары, сондай-ақ өзге де медицина қызметкерлері екпе салдыратынын ескертті. Кейін вакцинаның көлеміне қарай педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады.
Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-ге қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды және вакцинаны сақтау, тасымалдау регламентін әзірледі. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабының 18-тармағына сәйкес, індетке қарсы вакцинация тек пациенттің келісімімен және мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі.
«Вакцинадан жағымсыз әсер болса, барлық қатысушы жауап береді: өндірушіден бастап, тікелей медициналық мекемелерге дейін. Сонымен қатар, өңірлердегі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының жанынан сараптамалық топтар құрылды, олардың құрамына бейінді мамандар кірді. Қолайсыз салдарлар пайда болған жағдайда, аталған комиссиялар тергеу жүргізеді және одан әрі ҚР заңнамасы аясында шаралар қабылдайды», – деп сендірді құзырлы орын өкілі.
Мамандардың пікірінше, халықты жаппай вакцинациялау – коронавирус инфекциясы пандемиясынан шығудың жалғыз жолы. Нәтижесінде карантин мен шектеусіз қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік туады.
«Бүгінде халықты коронавирустан қорғау, яғни вакцинациялау өте маңызды, бұл бізге КВИ бойынша қалыптасқан жағдайды жеңуге және карантинсіз әдеттегі өмірге оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақша мен мектепке, студенттерді дәріс залына қайтаруға және жалпы туыстармен, әріптестермен, достармен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралуға мүмкіндік береді», – дейді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілерде вакцинацияның зияны туралы жалған ақпарат жиі тарауда. Осыған байланысты вице-министр азаматтарды тек ресми ақпарат көзіне сенуге, медицина қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асуға және жалған сарапшылар мен арандатушыларға алданбауға шақырды.
«Вакцинация инфекциямен күресте тиімділігін бірнеше рет дәлелдеп, індеттің тіркелу деңгейін нөлге дейін төмендетті. Бүгінде бұл иммунопрофилактикамен басқарылатын инфекциялардан қорғаудың ең тиімді шарасы, сондай-ақ карантин мен өзін-өзі оқшаулаудың жалғыз баламасы», – дейді ол.
Алдын ала болжам бойынша және шетелдік ғалымдардың зерттеуінше, КВИ ауруын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың 60% дейін вакцинациялау қажет. Жоғары ұжымдық иммунитет қалыптасқанда және КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде ғана шектеу шараларын тоқтату туралы ойлануға болады.
Еске сала кетсек, биылғы көктемде «QazCovid-in» отандық вакцинасын салу басталады деп жоспарлануда.