Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында білім, кітапхана, кітап оқу мәселелерін көтерген болатын, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
«Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн», – деген еді отырыста президент.
Осыған орай білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы туралы жазба жариялады.
«Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, нәтижелерін қолданады. PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша, Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр», – деп жазды ол Facebook парағында.
Министрдің айтуынша, PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша, еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке қарай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе.
«Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема. Сондықтан да ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды», – деді Аймағамбетов.
Білім министрінің пікірінше, ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Ведомство осы мақсатта жағдай жасауға міндетті. Білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289. Оның ойынша, саны, әрине, көңіл көншітерлік. Дегенмен олардың қаншасы көркем әдебиет? Сол көркем әдебиеттің қаншасы қазақ тілінде? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э. Берроуз, А. Азимов, М. Твен, Ж. Верн және басқа авторлардың еңбектері қазақ тіліне аударылған ба? Бұл тұрғыда айтарлықтай проблемалар бар.
«Айта кетерлігі кітапхана қоры негізінен оқулықтардан тұрады, ал көркем әдебиет саны аз, олардың басым бөлігі кеңестік кезеңде пайдаланылған идеологиялық сипаттағы кітаптар. Әсіресе қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиет – жоқтың қасы. Көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ Ұлттық білім академиясы әдебиет, тіл институттарымен, «Оқулық» орталығымен, Ұлттық ғылыми кітапханамен, НЗМ, БИЛ бірлесіп, ұсынылған әдебиеттер тізімін құруға кірісті», – деді министр.
Аймағамбетовтың мәліметінше, жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударылады. Одан өзге кітапханаларды ғылыми фантастика жанрындағы кітаптармен қамтамасыз ету де маңызды. Министрлік кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатыр. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастама көтерілді. Кітапхана заманауи жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы керек. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы қажет.
«Бүгін көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді. Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, біз алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты, көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сондай-ақ біз геймификация элементтерін қолдануды көздеп отырмыз», – дейді білім министрі.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған міндеттерді шешу мектептердің ғана емес, ата-аналардың да уақытын және күш-жігерін талап етеді. Сондықтан бұл жұмысты олар қолдайды деген үміт бар. Оқу – балалардың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Бірі кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқыса, бірі – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқиды. Арада кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды.
«Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы, адамды тәрбиелейді және рухани байытады. Кітап оқуға бала кезден баулу керек. Адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан пайда болады», – деп ойын түйіндеді Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Айгүл ЕЛТАЙ