Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарақат Башанованы Junior Eurovision конкурсында екінші орын алуымен құттықтады, деп хабарлайды DalaInform.
«Қарақат Башанованы «Балалар Евровидениесі – 2020» байқауында керемет өнер көрсетуімен құттықтаймын. Ол осы беделді халықаралық сайыста Қазақстанның абыройын асырып, жүлделі 2-орын иеленді. Оның өнері әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған көрерменге ұнады. Қарақатқа жаңа шығармашылық табыс тілеймін!», – деп жазды президент твиттер аккаунтында.
Он екі елдің үміткері қатысқан ән додасында Франция өнерпазы Валентина жеңіске жетті. Ал отандасымызға аздаған дауыс жетпей қалды.
Пандемия халықаралық конкурс ережелеріне өзгеріс енгізіп, әр қатысушы өз елінің сахнасында өнер көрсетті. Барлығы онлайн форматта өтті.
Еліміздің атынан байқауда бақ сынаған 12 жастағы Қарақат финалда Forever әнін орындады.
Жас әнші туындыны осыдан бес жыл бұрын өмірден озған әкесіне арнады. Композицияны былтыр Ержан Максиммен бірге жұмыс істеген Хамит Шанғалиев жазған.
Дауыс беру Балалар Евровидениесінің ресми сайтында өтті. Ал концерт пен марапаттау рәсімін Хабар телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.
Өнерпаздар сайысты Move the World әнімен аяқтады.
Қазақстан бұл ән додасына үшінші рет қатысты. 2018 жылы Данелия Төлешова алтыншы орын алса, 2019 жылы Ержан Максим екінші орын иеленді.