Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сұхбаттасты, деп хабарлайды DalaInform Ақордаға сілтеме жасап.
Тоқаев Путинмен әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық бағыт бойынша екіжақты қарым-қатынастың дамуы оң динамикада, стратегиялық әріптестік әрі одақтастық сипатында өрбіп келе жатқанын атап өтті. Қазақстан және Ресей COVID-19 індетінің зардаптарын еңсеру, көпжақты құрылымдар аясындағы жұмыстарды үйлестіру бойынша өзара тиімді ынтымақтасты одан әрі нығайтуға бейілді екендерін нақтылады. Владимир Путин бауырлас Қазақстан халқына жаңажылдық құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізуді сұрады.
Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен сұхбат кезінде берік бауырластыққа және тату көршілікке негізделген қазақ-өзбек серіктестігін тереңдету ісіне оң баға берілді. Мемлекет басшылары биылғы жылдың қорытындысын жоғары бағалап, саяси, сауда-экономикалық әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін күш біріктірудің, сондай-ақ Орталық Азиядағы аймақтық ұжымдасудың маңызын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, жүрекжарды тілектерін айтты.
Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен әңгіме барысында дамудың жоғары қарқынын көрсетіп отырған мемлекетаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын оң бағалады. Тәжікстан басшысы екі елдің халықаралық аренада одақтас және барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Президенттер бір-бірін жаңа жылмен құттықтады.