Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов елордада өткен баспасөз мәслихатында өңірдегі мемлекеттік тіл мәселесін жеке бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Ал осы тілдің жайын қозғап барған белгілі қоғам қайраткері Руза Бейсенбайтегіге жындыхана дәрігерлерін шақырған Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы Қайыржан Оңғаров жұмысынан босатылды.
«Мен әкімдікке барсам, олар маған «Орысша сөйлеңіз. Біз қазақша түсінбейміз» деп қарап тұрады. Осы күзде ғана бір жағдай болды. Мен әкімдік қызметкерлерінен қазақша сөйлеуін талап еттім. Олардың бәрі маған шибөріше жабылды. Қала әкімінің аппарат басшысы Қайыржан Оңғаров жындыханадан дәрігер шақырды. Полицияға хабарлады. Мені қорғап қалған жастар. Тіл жанашыры болып жүрген белсенді жастар әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, жағдайды бүкіл Қазақстанға таратты. Сондықтан, дәрігер де, полиция да әкете алмады. Жалғыз болсам, не боларымды білмеймін», – дейді белсенді Руза Бейсенбайтегінің өзі бұл қастерлі жолдан қайтпайтынын қадап айтып.
Тіл жанашыры өткізуге өтініш жасаған митингке болса, рұқсат беріліп, өңір жетекшісі ондағы ұсыныстар мемлекеттік қызметкерлер тарапынан назарға алынғанын жеткізді. Қоғам белсенді қозғаудағы көп мәселенің қатарында аймақта қазақ мектептерінің аздығы бар.