Қазақстан Республикасы ҚАЖК тергеу изоляторларында отырған 5 мыңнан астам адам дауыс беруге қатысып жатыр, деп хабарлайды DalaInform полицияға сілтеме жасап.
«ҚР сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, тергеу изоляторларында отырған, үкімі заңды күшіне енбеген Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығына ие. Тергеу қамауындағы адамдардың құқықтарын іске асыру мақсатында республиканың қылмыстық-атқару жүйесінің 16 тергеу изоляторында орналасқан жері бойынша сайлау округтеріне кіретін жабық сайлау учаскелері құрылды. Онда 5 мыңнан астам адам еліміздің кезекті парламенттік сайлауында дауыс беруге қатысып жатыр.
«Сайлау процесі өтетін үй-жайларда тиісті бақылау, күзет және қадағалау қамтамасыз етілген. Сайлау процесіне қатысушылар барлық қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы талапты сақтаған. 2021 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша, қызыл мен сары аймақтарда болған өңірлерде сайлау комиссиясының барлық мүшесі, оның ішінде байқаушылар да алдын ала ПТР-әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтті. Сонымен қатар жабық сайлау учаскелеріне кіру тергеу изоляторларының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге әрі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес жүргізілді», – делінген polisia.kz ақпаратында.