Сайрамдық полицейлер жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды анықтады деп хабарлайды Dalainform тілшісі салалық сайтқа сілтеме жасап.
Сайрам аудандық полиция басқармасына 102 нөмірі арқылы Ақсукент ауылының қасындағы Ақсу өзенінің бойында белгісіз адамдар заңсыз жер қойнауын пайдаланып қазып жатқандығы жайлы хабарлама келіп түскен. Аталған хабарлама бойынша жедел-тергеу тобы оқиға орнына шыққан. Тексеру барысында жергілікті екі тұрғын “Huyndai” маркалы жүктиегіш және “Камаз” маркалы жүк көліктерімен заңсыз тау тасын алып жатқаны анықталған.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) бойынша тіркеліп, бұрын сотты болмаған, алайда жер қойнауын заңсыз пайдаланбақ болған құқықбұзушылардың көліктері айыптұраққа қойылып отыр.
Қазіргі таңда жинақталған іс құжаттары заң аясында шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша экология департаментіне жолданған.
Заңға сәйкес, жер қойнауын өз бетінше пайдалану, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру, келтірілген залал көлеміне қарай – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы ықтимал.