Таразда түрмеге телефон лақтырған екі азамат ұсталды, деп хабарлайды DalaInform полицияға сілтеме жасап.
«Оқиға бүгін ерекше режимдегі ЖД-158/7 мекемесінде орын алған. Мекеме қызметкерлері түскі сағат 12:10 шамасында абақты маңайын торуылдап жүрген күдіктілерді байқайды. Жедел-режим топтары бақылауды дереу күшейтіп, қажетті іс-әрекетке кіріседі. Осы сәтте жымысқы ойын жүзеге асыруға әрекеттенген адам түзеу мекемесінің биік қоршауынан асырып, беймәлім затты ішкі күзет аумағына лақтырады. №2 өндірістік аумаққа түскен жапсырмамен маталған түйіншектің ішінен ұялы телефон анықталып, тәркіленді. Тыйым салынған затты түрме аумағына лақтырып, жазасын өтеушіге көмек қолын созғысы келгендердің 1989 және 1992 жылы туған бұрын сотты болмаған тараздықтар екені анықталды», – делінген polisia.kz ақпаратында.
Енді заң бұзған қос күдікті ҚР ӘҚБтК-тің 481-бабы (қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын азаматтарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша жауапқа тартылмақ.