Кеше Тараз қаласында өрт болған үйден 2018 және 2017 жылы туған екі баланың денесі табылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі. Әкімдіктің дерегінше, қастарында бірнеше сіріңке қорабы жатқан және газдан улану белгілері бар.
Анығырақ тоқталсақ, кеше, 1 қазан күні, сағат 9:53-те Жамбыл облысы төтенше жағдай департаментіне тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына құрамында 8 адам мен 2 бірлік техникасы бар бригада жетті. Қызыл жалын 10:17-де ауыздықталды. Өрт 4 шаршы метр аумаққа тарады . Өрттің шығу себебі анықталуда», делінген ақпаратта.
Алдын ала мәлімет бойынша, отағасы жұмыста болған, ал жұбайы балаларды үйде тастап, құлыптап, медициналық мекемеге тексерілуге шығып кеткен. Бақытсыз жағдайдың анық-қанығы әлі де зерттелуде.
Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен қала әкімі Айтқазы Қарабалаев келіп, облыс әкімдігі атынан көңіл айтқан.
Аймақ басшысының баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов жергілікті билік тарапынан жапа шеккен отбасыға жан-жақты көмек көрсетілуде екенін жазады. Оның ішінде психолог маманның кеңесі, көз жұмған балаларды жерлеуге көмек беруге қатысты шаралар ұйымдастырылуда.
Мамандар ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады. Азаматтар сақ болып, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауы керек.
Еске сала кетсек, 2019 жылғы 4 ақпан күні түнінде Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі 11 айлық сәби болған. Қайғылы жайт кезінде балалардың әке-шешесі түнгі ауысымда жұмыста жүрген.