26 қараша, кеше кешкі сағат 20.00 шамасында Алматы облысы төтенше жағдай департаментінің кезекші пультіне Талдықорған қаласының Еркін ауылы, Қазақстан көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде шағын газ баллоны жарылды деген хабарлама келіп түскен.
Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің Dalainform тілшісіне айтуынша, жарылыс салдарынан өрт шыққан жоқ. Алайда тұрғын үйдің қабырғалары мен шатыры қирады.
Жарылыс салдарынан 8 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша, сыйымдылығы 5 литр тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған.
«Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД 28 қызметкері, 8 техникасы, 8 жедел жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмыс істеді. Сондай-ақ зардап шегушілердің туыстарына психологиялық көмек көрсету үшінекі маманы жұмылдырылды», – дейді министрлік өкілі.
Құзырлы орын азаматтардан газ баллондарын пайдалану және қолдану кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
Еске сала кетсек, өткен аптада елордада газ баллондарының жарылуы салдарынан 30-дан астам адам жарақаттанып, бірнеше адам көз жұмды.