Бүгін таңғы сағат алтыда Тәжікстан Республикасында президент сайлауы басталды, деп хабарлайды DalaInform аталған елдің «Ховар» ұлттық басылымына сілтеме жасап.
Тәжікстанда сайлау ұйымдастыру әрі өткізу үшін 68 сайлау округі, ел ішінде 3375, ал шетелде 39 сайлау учаскесі құрылды.
Тәжікстан Республикасының сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы бес партия ұсынған үміткерлер тізімін тіркеді. Осылайша, бюллетенге президент лауазымына бес кандидат енгізілді.
Ел аумағында орналасқан сайлау учаскелері 11 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылады.
Дауыс беру үшін 4 943 289 сайлаушы тіркелген. Олардың 50% астамы сайлау учаскелеріне келген жағдайда сайлау өтті деп саналады.
Сайлау процесін 145 халықаралық байқаушы бақыласа, ол жайлы 267-ден астам бұқаралық ақпарат құралының өкілі ақпарат таратады.
Сайлаудың алдын ала қорытындысы дауыс беру аяқталған соң 24 сағат ішінде жарияланса, соңғы нәтиже сайлау біткеннен кейін екі аптадан кешіктірмей белгілі болады.