Алтай қаласының тәртіп сақшылары 40 градус аязда көшеде жалғыз жүрген төрт жасар қызды тапты, деп хабарлайды DalaInform полицияға сілтеме жасап.
Биылғы 15 қаңтарда сағат 09.50 шамасында Алтай ауданы ПБ-нің 102 жедел арнасына белгісіз ер адамнан дүкендердің бірінің жанында ата-ана қарауынсыз баланың жүргені туралы хабар түсті. Полицейлер мән-жайды анықтау барысында кәмелетке толмаған қыздың 38 жастағы анасы сол күні сағат 08.00 шамасында ауруханаға дәрігер қабылдауына барғанын білді. Бұл кезде баланың 45 жастағы әкесі Грехово ауылында жұмыста болған. Ұйқыдан оянған қыз үйде ешкім жоқ екенін көріп, киініп, шешесін іздеуге далаға шыққан.
«40 градус аязда дүкеннің жанында тұрған баланы жұмысқа бара жатып көрген ер адам жақын жерден оның әке-шешесін таппаған. Ол бұл жайтқа бейжай қарамай, сақшылардан көмек сұраған. Жедел іс-қимыл барысында сәбидің ата-анасы туралы мәліметтер дереу анықталып, 30 минут ішінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қызметкерлер қызды ата-анасына аман-есен тапсырды», – делінген polisia.kz ақпаратында.
Баланың шешесі полицейлерге қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, азаматтар өтініштеріне жедел әрекет еткені үшін үлкен алғыс айтты.