Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары мен ондағы «Парижская коммуна XXI» ЖШС жұмысшылары жаға жыртысып қалды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
КТК тілшісі, бестамақтықтар талпақ танау бағып отырған кәсіпкердің әлі күнге дейін қалдықты далаға ағызып, айғақ заттарды жойып жатқанына қапалы екенін айтады. Олар экологияға қатысты талаптар орындалмай, тексерушілерден айғақтарды жасырып жатқанына наразы. Шошқа фермасынан шыққан қалдық төгілген құдықтарды көміп, тегістеп жатыр екен. Онымен қоймай бұрынғысынша өзен арнасын бүлдіруді қоймаған.
Ал ферма жұмысшылары қожалық жабылса, екі қолға бір күрек таба алмай қаламыз деп қорқады.
Онымен қоса шошқа шаруашылығындағылар ауыл арасына ет таратып, жомарттығын көрсетпек болған. Мұны тұрғындар ел ішіне іріткі салуда деп бағалауда. Тіпті қалдықты ауыл іргесіне төккен кәсіпкер жеті миллиард теңге айыппұлды төленбеген.
Қазір жерді бүлдіріп, экологияға залал келтіргені үшін іс сотта қаралады. Шенеуніктер айғақ заттарды жойғызбайтындарына сендіреді.
«Тегістеп тастап жатыр деген жерлердің барлығы, қанша тегістеп жасаса да, бәрібір ол қазылып алынады. Сараптама орталығы келгеннен кейін осы жердегі бастамашыл топтың адамдарын қасына біріктіріп, тексеріп, бүкіл осыған дейінгі экологиялық, жер инспекциясының, ветинспекцияның тапқан кемшіліктерін қайта тексереді», – дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.
Айтпақшы Бестамақ тұрғындары шаруашылықта шошқаның орнына төрт түлік мал бағуға келісіп отыр.
Бұған дейін, Экология министрлігі кәсіпорынды тексеру нәтижесінде заңнаманың өрескел бұзылғанын мәлімдеген болатын. Тіпті қылмыстық іс қозғалды.
Топырақ сынамаларының химиялық талдауы алаңда ластаушы заттардың 26 мың м2 астам концентрациясының артуын көрсеткен. Сонымен қатар, 40 мың шошқаға арналған мал шаруашылығы кешенінде 51 мыңнан астамының өсірілгені айқындалды.