Қазақстанның сыртқы істер министрі ресейлік депутаттардың қазақ жеріне байланысты оғаш пікірлеріне алғаш рет жауап берді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Бұл сөздер қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде менің де намысыма тиді. Мұндайды Отанымыздың тарихына сілтеме жасай отырып, «сандырақ (орыс тілінде – бред сивой кобылы)» деп атар едім», – деді ол Парламент қабырғасында.
РФ мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың телеарнадағы мәлімдемесінен кейін көрші мемлекет елшісінің өзі іссапарда болғандықтан, уақытша өкілі шақырылған. Оған наразылық нотасы табысталып, Ресейде тиісті шаралар қабылданған. Министрдің айтуынша, ондағылар президент әкімшілігімен және парламентпен хабарласып, депутаттың оғаш іс-әрекетін сынаған.
Мұхтар Тілеуберді қазақ халқының ашуын тудырған қисынсыз ойлар Ресей Федерациясының ресми ұстанымына сәйкес келмейтініне сендірді. Заң жүзінде мемлекеттік шекара айқындалып, екіжақты шарт жасалған. Кейбір мәселелер нақтыланып жатқанымен, қазір пандемияға байланысты жұмыс тоқтап тұр. Демаркация 3 жылда аяқталып бітпек.
«Қос ел арасында стратегиялық серіктестік қалыптасқан. Сондықтан Ресей Федерациясымен қарым-қатынасымызды халықаралық құқық негізінде дамытатын боламыз», – деді еліміздің сыртқы істер мекемесінің басшысы.