Қазақстанда салықшылардың айлығы өсіп, біртұтас үлгідегі арнайы киім беріледі. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Осылайша мемлекеттік кіріс қызметкерлері арасындағы төмен жалақы мен әлеуметтік қорғалмау және жоғары жауапкершілік жүгі салдарынан пайда болатын жемқорлыққа құмарлық деректері саны азаймақ. Сыныптық дәрежелер енгізіліп, оның нәтижесінде еңбекақыға үстемеақы қосылатыны жоспарлануда.
Министрдің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тиісті бірқатар олқылықтарды парақорлықтың негізгі себебі ретінде атап көрсеткен. Кейбір тәжірибелі мамандар аталған келеңсіздіктерге шыдамай, біліп-түйгенін жекеменшік салада қолдануды құп көріп жатады екен.
Үкімет басшысы болса, мемлекеттік саясатта ең бастысы кәсіпкерлікті дамыту дегенге нұсқады.
«Бизнесті қолдау үшін өткен жылы Қазақстанда 700 мыңнан астам заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қамти отырып, салықтық ынталандырудың ауқымды шаралары іске асырылды», — деді Асқар Мамин.