Сенатта «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту әрі қолдау саласындағы мемлекеттік саясат пен құқықтық реттеуді жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды DalaInform жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде отандық бизнестің маңызды мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары шағын және орта бизнесте белсенді субъектілердің саны артып келеді. Бірақ оған қарамастан қазақстандық шағын кәсіпорындар қызметінің негізгі саласы сауда болып қалып отыр, көптеген бизнес субъектілері көлеңкеде жұмыс істеуге бет бұрған. Орта бизнес субъектілерінің саны қысқаруда. 2015 жылдан бастап мұндай кәсіпорындардың саны 13%-дан азайып кетті. Ол банктердің шағын әрі орта бизнеске несие беруінің азаюын, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары деңгейінің төмендігін, ұлттық компаниялардағы сатып алу кәсіпкерлер үшін қолжетімді болмай отырғаны мен басқа да проблемалар туралы айтты.
Депутаттар тыңдауларға дайындық барысында үкіметке шағын және орта бизнес мәселелерін шешуге ықпал етуге арналған бірқатар ұсыныс әзірледі. Парламентшілер кәсіпкерлер қызметіне араласқаны үшін лауазымды тұлғаларға әрі рейдерлікпен айналысқандарға жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты шараларды ұсынды.
«Палата өкілдері лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлер қызметіне араласқаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шараларды қолдайды. Ел президенті атап өткендей, кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы керек. Мемлекет басшысының бұл нұсқауын заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу арқылы жүзеге асыруға болады. Әкімшілік пен қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізу көзделіп отыр», – деді Әшімбаев.