Қызылорда-Алматы бағытында жолға шыққан Air Astana ұшағы Шымкент әуежайына қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы @jexenews телеграм-каналы ақпарат таратты, деп хабарлайды DalaInform.
Шымкент әуежайына қонған ұшақты құтқарушылар мен медицина қызметкерлері қарсы алды.
«Қазір қажетті процедуралар жүріп жатыр, ұшқыштардан жауап алынуда», – деді DalaInform агенттігіне индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев.
Алдын ала болжам бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Ведомство осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«2020 жылғы 25 қыркүйекте «Эйр Астана» АҚ әуе компаниясының тіркеу нөмірі Р4HA E290 әуе кемесі (Эмбраер-190) Қызылорда-Алматы бағыты бойынша KZR 986 рейсімен ұшу кезінде диспетчерлерге техникалық себептермен Шымкент қаласының қосалқы әуе айлағына қонатынын жеткізді. Ұшақ сағат 17.51-де Шымкент қаласының әуежайына сәтті қонды. Әуе компанияның алдын-ала дерегі бойынша, техникалық себеп: техникалық бөлікте түтін дабылының іске қосылуы. Ұшу қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес, әуе кемесінің командирі қосалқы әуе айлаққа кетуге шешім қабылдады», – делінген мәліметте.
Air Astana әуе компаниясының хабарлауынша, инженерлік-техникалық құрам тексеру жүргізу үшін алдағы рейспен Шымкент қаласына ұшады. Жолаушыларды жеткізу мәселесі Қазақстан заңнамасына сай жедел түрде шешіледі. Аталған факт бойынша тергеу жүргізіледі.