Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай Халық Республикасына өнім экспорттауға құқылы Қазақстанның екі балық кәсіпорнына алғашқы онлайн ретроспективті тексеру жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды DalaInform.
«Төре Тоғам» ЖШС (ШҚО) және «Жалғасбаев» ЖК (Түркістан облысы) балық өңдеу кәсіпорындарына онлайн-тексеруді ҚХР бас кеден басқармасының сарапшылары мен ҚР АШМ өкілдері жүргізді.
Қытай тарапына балық өнімдерін зауыттарға жеткізуден бастап тұтынушыларға жөнелтуге дейінгі барлық технологиялық тізбе көрсетілді. Вирустардың таралуының алдын алу және сапасын бақылау бойынша шараларды сақтауға ерекше назар аударылды.
Қытай Халық Республикасы бас кеден басқармасы өкілдері қазақстандық кәсіпорындардың ҚХР-дың балық кәсіпорындарына қойылатын талаптарын әрі короновирус жағдайында азық-түлік кәсіпорындарына арналған ДДҰ ұсынымдарын сақтайтынына көз жеткізді.
Тексеру нәтижесінде Қытайдың бас кеден басқармасы Қытай Халық Республикасына балық өнімдерін жеткізуді мақұлдады. Бұдан басқа, ынтымақтастықты кеңейту үшін бас кеден басқармасы мен ҚР АШМ балық бойынша ветеринарлық хаттамаға қол қоюға келісті. Бұл құжат еліміздің балық өндірушілеріне ҚХР-ға балық өнімдерінің көп түрін экспорттауға жол ашады.
Қазір 65 қазақстандық кәсіпорын балық өнімдерін Қытайға экспорттауға құқылы.
Бұған дейін хабарланғандай, коронавирус пандемиясы жағдайында кәсіпорындардың шетелдік мамандармен көшпелі инспекциясын жүргізу қиын болған кезде, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай Халық Республикасы бас кеден басқармасымен инспекцияны қашықтықтан жүргізудің алгоритмін келіскен болатын. Алғашқы онлайн-тексеруден 14 ет өңдеу кәсіпорны өтті.
Сонымен қатар қыркүйек айының басында ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының кеден басқармасы еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын жеңілдету мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазір ҚР АШМ күшімен барлығы 576 қазақстандық кәсіпорын Қытай бас кедендік басқармасының тізіміне енгізілді. Бұл оларға АӨК өнімдерін тұтынудың зор әлеуетіне ие Қытай Халық Республикасы нарығына отандық өнімдерді кедергісіз экспорттау құқығын береді.