Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді деп хабарлайды Dalainform тілшісі. Онда Қазақстанның бірінші президенті ұлы тұлға жайлы тебіреніп, өткенге көз жүгіртеді.
Нұрсұлтан Назарбаев толғанысын «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалдан бастап, ұлы ақынға апарар жолда әжесі Мырзабала мен анасы Әлжан кішкентай күнінен қазақ халқының ертегі, аңыз-қиссаларын жадына барынша сіңіргенін еске алады.
«Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі – бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым.
Әрине, біз Абайдың мектеп жасына лайықталған оқу, ғылым, адамгершілік, табиғат тақырыбындағы хрестоматиялық өлеңдерін жұрт қатарлы жатқа айтатынбыз. Әсіресе, өзім ақынның философиялық астарға толы «Ескендір» поэмасын қайта-қайта құмарта оқығаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовке түсінбеген жерлеріме қатысты тосын сұрақтар қойып, соңынан қалмайтынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді», – деп қалам тербейді автор.
Сонымен қатар, Елбасы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артарда адал әрі жауапкершілігі жоғары азаматтық сипаттарын, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескергенін жеткізеді.
Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?».
«Лайым солай болсын!
Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін», – деп қорытады ойын Нұрсұлтан Назарбаев.
Мақаланың толық нұсқасын Елбасы сайтынан оқуға болады.