Қазақстандағы қожа руының азаматтары араб елдеріне қоныс аударуға шақырылып жатыр деп әзілдеп, бейнежазба түсірген жастар кешірім сұрап, мұндай қателіктің қайталанбайтынына уәде берді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Ел ағасы жасындағы ер адам Ғани, Ислам және Олжас есімді үш жас жігітке ұрсып сөйлеп, олай қысылтаяң заманда ел арасына, айрандай ұйып отырған қазақ халқына іріткі салуға болмайтынын ескертті.
Өз жауабында бейнетаспаны әзірлеп, онда Дубайдан, ел ішінен сұхбат бергендей болып, қажетті рөлдерді ойнаған оқиға кейіпкерлері осылайша аталған тақырыпта әзілдегісі келгендерін айтып ақталды. Авторлардың мәлімдеуінше, оралман ретінде көш түзегендерге БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар сияқты мемлекеттерден баспана қарастырылып, 42 500 мың доллардан үлестіріледі-мыс.
Кейбір бұқара халық өкілдері сеніп қалған қалжыңға таяуда тұрмысы бақуатты деген Біріккен Араб Әмірліктерінің шетелдіктерге азаматтық тағайындау тәртібін өзгерткені себеп болса керек.
Еске сала кетсек, бұған дейін әнші Әбдіжаппар Әлқожа қожалар қарадан қыз алып жатыр деген сыңайда пікір айтып, қатты сынға ұшыраған болатын.
«Ағаларымның бәрі қожаның қызын алған. Роза әпкем ғана албанның жігітіне тұрмысқа шықты. Қалған екі әпкем қожаларға тұрмысқа шықты. Ол бізде қатып қалған принцип.
Ондай молдалар қазір жоқ. Неге? Таза қожалардың азайып кетуінен. Өзім түрім қожа болғанмен, мықты ишан емеспін ғой. Ілімім жоқ. Соның азайып кетуі. Аталарымыз үш жүзден, қазақтан алып қойды. Ал қазақпен араласқан болса, одан таза ишан шықпайды. Қазір заманның талабы басқа. Қазір қожаның жігіттері қарадан алып жатыр», – деп жаңылды ол.