Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Transparency Kazakhstan» атқарушы директоры Ольга Шиян 2020 жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйін таныстырды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Азаматтардың 37,4%-ы және кәсіпкерлердің 45,9%-ы соңғы жылы өздері тұратын елдімекендеріндегі сыбайлас жемқорлықтың төмендегенін айтқан. Респонденттердің 11,3%-ы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа тап болған (2019 жылы 13,4%). Шағын және орта бизнес өкілдерінің 8,2%-ы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде мәселені бейресми жолмен шешу қажеттілігіне жолыққан (2019 жылы 9,2%).
«Кәсіпкерлердің 80%-дан астамы болса, Қазақстанда пара бермей-ақ, тек құқықтық салада жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға әбден болады деп есептейді», – дейді сарапшы.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 60%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізген.
Сонымен қатар, азаматтар сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болатын өңірлер мен мемлекеттік органдар, сондай-ақ неғұрлым жемқор мемлекеттік лауазымдардың тізбесі, пара сомалары анықталып отыр.
Азаматтардың пікірінше, көбінесе мәселелерді Жамбыл, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал кәсіпкерлердің пікірлері бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында бейресми жолмен шешуге тура келген.
«Бармақ басты, көз қысудың» үштен екісін құраған емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, ХҚКО, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары неғұрлым жемқор мемлекеттік мекемелер болып белгіленуде.
Заңсыздықтарға азаматтардың ем алу немесе емделуге жолдама алу (12,7%), жұмысқа орналасу (10,1%), баланы балабақшаға орналастыру (6,1%), жер мәселесін шешу (6,5%), ХҚКО-дан анықтама алу (5,1%), сессияны «жабу» (4,4%), салық есебін тапсыру (9%), жол берілген заңбұзушылықтар бойынша жауапкершіліктен бұлтару (8,4%) қажеттіліктері мәжбүрлеген.
Респонденттер жағдайлардың жартысында мәселені бейресми шешуге мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал әр төртіншіде -делдалдар түрткі болатынын атап өткен.
«Бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық мәмілелеріндегі делдалдардың үлесі 6%-ға өсті, мұны респонденттер карантин кезінде мемлекеттік мекемелердің жеткіліксіз ақпарат беруімен байланыстырды», – деп атап өтті Ольга Шиян.
Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі, егер қандай да бір мекеменің қызметкері пара алғысы келсе, онда ол әуре-сарсаңға салып, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланатынын нұсқаған. Пара сомасы 1 000-нан 300 000 теңгеге дейін өзгерді (2019 жылы 500-ден 500 000 теңгеге дейін).
«Ашық диалог» порталын талдау нәтижелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының, ішкі істер, қаржы, денсаулық сақтау, әділет, еңбек және әлеуметтік қорғау, цифрлық даму министрлерінің, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының блогтарына сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты жиі жолдайтынын көрсетті. Өңірлік бөліністе шағымдар Алматы, Павлодар облыстары және Алматы қаласы әкімдерінің блог-платформаларына жиі түскен.
Өтініш берушілер полицияның, аудан әкімдіктерінің, мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың, салық органдары мен жеке сот орындаушыларының жұмыс сапасына наразылық білдірген. Өтініш берушілердің пікірінше, әуре-сарсаңға салу, мемлекеттік органдардың өтініш берушілердің мәселелерін қараудағы әрекетсіздігі, қызметкерлердің біліксіздігі және мемлекеттік дерекқорлардағы техникалық қателер мен қате мәліметтердің болуы – шағымдардың негізгі себептері болған.