Данэлия Төлешова America’s Got Talent шоуының ақтық кезеңіне өтті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Оның PR-директоры желіде жазғандай, қазақстандық орындаушы АҚШ-та тәулік бойы өткен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша үздіктер қатарына кірген және танымал әлемдік шоудың финалында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған.
Финалға өту үшін дауыс беруге қатысқан үш қатысушының арасында Данэлия бар екені атап өтілуде. Сонымен қатар, онда қазылар алқасының арнайы қолдауы болып саналатын «Golden buzzer» екі иегері бақ сынаған. Алайда көрермендер қазақстандық әншіні құп көрген.
America’s Got Talent 15 маусымының ақтық сәті 22 қыркүйек күні NBC арнасында тікелей эфирде көрсетілмек.
«Мені осы уақытқа дейін қолдап келгендердің барлығына рахмет. Бұл апта шешуші кезең. Сондықтан жұмыс істеу керек және мен бар күшімді саламын», – дейді Данэлия.
Қазіргі сәтте қазақстандық әншінің жанашыр тобы қойылымға композоцияны ойластыруда.
Бұған дейін, Данелия Төлешова, жартылай сында британдық орындаушының әнін шырқады.