Қазақстанда, экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заң күшіне енгеннен кейін, зейнетақы аннуитеті азаматтар үшін қолжетімді әрі тартымды бола түсті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Негізгі жаңалықтар:
– зейнетақы аннуитеті шарты бойынша ең төмен төлем мөлшері ең төмен зейнетақыдан ең төмен күнкөріс шамасының 70%-на жақын өзгертілді;
– кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін сақтанушының 45 жасынан бастап ер адамдар үшін 55 жастан және әйелдер үшін 52 жастан (кейіннен әйелдердің жасын 2027 жылы 55 жасқа дейін ұлғайта отырып) өмір бойы ай сайын сақтандыру төлемдерін алу құқығымен жасау мүмкіндігі туды.
Зейнетақы аннуитеті айтарлықтай арзандады. Мәселен, 2020 жылы зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адамдар үшін 11,3 млн теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін 15,5 млн теңге болса, енді сол жастағы ер адам аннуитетті 6,7 млн теңгеге, ал әйел адам 9,0 млн теңгеге ала алады.
«Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 55 жастан бастап төлемдер алатындай болып, 45 жаста алған жағдайда ер адамда кемінде 6,1 млн теңге, ал әйелде 7,7 млн теңге болуға тиіс. Егер жалпы цифрларды алар болсақ, бүгінде шамамен 61 мың адам 283 млрд теңге сомаға зейнетақы аннуитеті шартын жасаған, сол арқылы олар өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан өздеріне өмір бойғы зейнетақы төлеміне кепілдік алды», – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрайымының орынбасары Мария Хаджиева.
Агенттік өкілінің айтуынша, 2021 жылы бірлескен аннуитеттерді енгізу жоспарланып отыр, ол зейнетақы аннуитеті шартына бір адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын білдіреді. Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірісті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің ӨСК-ден аннуитет сатып алуға зейнетақы жинағы жетпейтін болып, екіншісінде артық болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер төленеді.
«Бұл жаңалықтар зейнетақы аннуитеті шартын зейнетақы жүйесі дамыған мемлекеттердегі зейнетақы жоспарлары сияқты зейнетақыны жоспарлаудың тиімді құралы етеді деп күтеміз. Бұл азаматтарға зейнетақы төлемдерінің жолын өздерінің мақсаттары мен қажеттілігіне қарай таңдауына мүмкіндік береді», – деп қорытындылайды агенттік төрайымының орынбасары.
Сарапшы сөз соңында, қазіргі уақытта рұқсат етілген зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй мәселесі мен емделуге немесе инвестициялық компанияға салуға шешкен кезде, зейнеткерлікке шыққанда алатын зейнетақының азаятынын ескертеді.