Премьер-министр Асқар Мамин ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді, деп хабарлайды DalaInform үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда коронавирустың таралуы бақыланатын деңгейде тұр. Вируспен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4%-ды, репродуктивтік көрсеткіші 0,9-ды құрайды. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28%, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20%. 5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстары. Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ әрі тұмаудың өсуі аясында ковидпен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар. Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады:
- 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңажылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
- Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.
- Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:
- оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;
- оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
- II семестрден бастап колледждер әрі жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.
Премьер-министр әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ахуалды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысы әкімдер назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, егу пунктерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды. Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.