Демалыс күндері тараған Қазақстанда зейнет жасының төмендетілетіні жайлы қауесет жалған болып шықты деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Жалпы бұл халық елең ете қалатын фейк ақпараттың Қазнетте реңін ауыстырып, жиі жарияланатып отыратыны аян.
Осы жолы да тиісті заң жобасын 5 ақпанда депутаттардың екінші оқылымда мақұлдағаны өтірік екені анықталды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кезекті рет елімізде зейнет жасының азаятыны туралы дақпырттың теріс екенін мәлімдеді.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнеткерлік жастың өзгертілуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнеткерлік жас – 63 жас, ал әйелдер үшін бүгінгі таңда – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұл ретте қазіргі уақытта зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктерге құқығы бар әйелдерге зейнеткерлік жасты көтерудің қатысы жоқ, олар:
– 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
– Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер – 45 жас.
Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың жас балаларын бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақытына зейнетақы тағайындалатындай еңбек өтілін есептеу жеңілдігі сақталған.
Сонымен қатар, азаматтар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитетіне құқықты (зейнет жасына жеткенге дейін зейнетақы төлемдерін алу құқығын) пайдалана алады. Ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жасы төмендетіліп, 45 жасқа толғаннан басталады. Бұл ретте аннуитеттік төлемдер ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін – 52 жастан басталады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан жүргізіледі. Осы өзгерістерге, сондай-ақ ай сайынғы аннуитеттік төлемдердің ең төменгі мөлшерінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін төмендеуіне байланысты (бұрын аннуитеттік төлемдер ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болмауға тиіс еді), зейнетақы аннуитеті шарттарын жасау енді БЖЗҚ салымшыларының көпшілігі үшін қолжетімді болып отыр. Осылайша, сарапшылар бағалағандай, 40 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін БЖЗҚ-дағы жинақтардың ең аз жеткіліктілік сомасы шамамен 7,5 млн теңгені құрайды.
«Қазақстанда белгіленген зейнеткерлік жас халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген. ҚР-дағы зейнеткерлік жас халықаралық тәжірибеге және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жасын өзгерту туралы мәселе қаралмайды», – деп ескертеді құзырлы министрлік.
Азаматтар болса, жалған ақпараттарға назар аудармағаны және оны тек ресми көздерден ғана алғаны, анық өтірік қауесеттерді таратумен айналысатын арналардан жазылудан шығып, оған шағым жасағаны дұрыс.