Қазақстанда ресми түрде Төтенше жағдай министрлігі қайта өз алдына бөлек шығып, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
ҚР Президенті жаңа мемлекеттік мекемелер жайлы биылғы жолдауында айтқан болатын.
Осы орайда атап өтерлік жайт, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін тиісті штат санымен бірге Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қарауына беріп, оны кейіннен Ұлттық статистика бюросы етіп қайта құру тапсырылды.
Төтенше жағдай министрлігіне Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру; Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту бағыттары берілді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тиісті тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеу жүктелді.