Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы аяқталды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Үздік ауыл әкімі болып Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кенті әкімі Данияр Қоңырбаев анықталды. Ол дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинап, 1-ші жүлделі орынға ие болды және өз аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жобасын сәтті қорғап шықты.
2-орынды 2 әкім бөлісті: Ақмола облысы Целиноград ауданы Мәншүк ауылдық округінің әкімі Ғани Исаев және Ақтөбе облысы Мұғалждар ауданы Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Аққайыр.
3-орынды да 2 әкім иеленді: Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылдық окрігінің әкімі Азамат Медетов және ШҚО Жарма ауданы Шалабай ауылдық окрігінің әкімі Жанар Есембаева.
«Сондай-ақ, «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» аталымында Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы Абай ауылдық окрігінің әкімі Мұратбек Арыстамбеков, «Халыққа ашық әкім» аталымында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральный ауылдық округінің әкімі Самат Мейірманов және «Үздік іскер-шаруақор әкім» аталымында Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев жеңіске жетіп отыр», – дейді Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің ресми өкілі Ерхан Таткен.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанованың атынан грамоталар, дипломдар және алғыс хаттар тапсырылды.
«Байқау мақсаты – ауылдық елдімекендердегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды, оның ішінде қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымдарын ынталандыру, жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізген, ауылдық елдімекендерді дамытуға елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу», – дейді ұйымдастырушылар.
Байқаудың бірінші кезеңінде облыстардың әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп арнайы сауалнама әзірленіп, ол бойынша тұрғындардың пікірі ескерілген және үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің әдебін сақтауы бойынша қорытынды жасалған.
Бұдан басқа, әкімдердің халықпен тиімді және кері байланысты жолға қою жөніндегі қызметі бағаланып, осы бағытта қол жеткізілген нәтижелер зерделенген.
Осы орайда Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәселелерді уақытылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық сұхбат» түрінде тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесі енгізілмек.
Агенттік өкілдерінің дерегінше, ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, ауыл әкімдіктерінің көптеген ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.
Сондай-ақ, міндетті талаптар қатарында, облыс әкімдіктерінің сайтында орналастырылған 16 шарт бойынша онлайн дауыс беру түрінде өткен әкімдердің жұмысына халықтың қанағаттануы деңгейі бағаланған.
Үміткерлер ауылдық округті дамытуға, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған жобалық жұмыс, сондай-ақ «Мен неге «үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын» тақырыбында эссе жазған.