ҚР Премьер-министрінің орынбасары Мәжілістің бір топ депутатының сауалына жауабында ауылшаруашылық техникасына қатысты қайта өңдеу алымын алып тастау қисынсыз екенін айтты деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Себебі, вице-премьердің сөзінше, қайта өңдеу «салығы» ауыл техникасын 80% жаңартуға, осылайша әбден тозып, істен шыққан дүниені тың мақсатта кәдеге жаратуға тапсыруға мүмкіндік береді.
Осы орайда, бұған дейін CLAAS, Lemken (Германия), John Deere, AGCO, Case New Holland, Green Plain (США) сынды шетелдік компанияларға мұндай төлемді жасамауға рұқсат етіліп келгені аян. Оны, Роман Скляр, елімізде өндірілетін техника өз сапасы бойынша мол егін орағы мен басқа да ауқымды іс-қимылдар кезінде пайдаланылатын халықаралық үлгілерге сай келмейтіндіктен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы бірқатар қауымдастықтар мен одақтар талап еткенімен түсіндіреді.
Алайда, биылғы 21 ақпанда өткен Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің отырысында ұсынылғандай, аталмыш олқылық жойылған.
«Қайта өңдеу алымын енгізу аясында істен шыққан ауылшаруашылық техникасын тапсырған кезде жеңілдікке ие сертификат беріледі. Оның құны 1,5 миллион теңгеге дейін жетуі ықтимал. Бүгінгі таңда комбайнды темір-терсек ретінде табыстағанда өтемақы мөлшері 300-500 мың теңгені құрайды. Осылайша ішінара қайта өңдеу алымына кеткен шығынның орны толады», – дейді Роман Скляр.
Депутаттар болса, қайта өңдеу алымы ауылшаруашылық өнімінің өзіндің құнына әсер етіп, қымбаттатып жібереді деген пікірде. Шаруаларға жарамдылық мерзімі біткен болса да техникасын қайта өңдеуге тапсыру қызық емес. Өйткені жаңасын алуға шамасы жетпейді. Ескісін жамап жүре бергенді құп көреді.
Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру мақсатында тракторлар мен комбайндарға жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыруда екенін мәлімдейді.
Бағдарламаның негізгі шарттарында техника құнының 15%-ын бастапқы жарнасымен 7 жылға 7%-бен лизинг алушыға қаржыландыру ұсынылады. 2018 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 млрд теңге, 2019 жылы 3,5 млрд теңге және 2020 жылы 6,5 млрд теңге бөлінуде.