Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері Қырғызстандағы оқиға туралы бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды DalaInform Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшылары бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар оларды қатты алаңдатып отырғанын айтты.
«Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени әрі рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз. Қырғызстанның барлық саяси партиясы және қоғамдық ұйымы бейбітшілік әрі тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеміз. Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік және Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы. Елдеріміздің өткен жолы бір әрі болашағы да ортақ. Орталық Азия халықтарын келешек ұрпақтың игілігі жолындағы берік бейбітшілікке, келісім мен жасампаздыққа ұмтылысы біріктіреді. Мемлекеттеріміз ортақ мақсатқа біріге отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекаралық әрі өңіраралық іс-қимылдарды күшейту жөніндегі аймақтық ынтымақтастықты белсенді нығайтуда. Орталық Азиядағы әріптестікті одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес даму мен өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз», – делінген бірлескен мәлімдемеде.