Ресей Федерациясы үкіметінің шешімімен Қазақстан Республикасы азаматтарының бәріне, соның ішінде жоғары және орта оқу орындарында оқып жүргендерге Ресейге ұшақпен ғана кіруге рұқсат беріледі, деп хабарлайды DalaInform Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігіне сілтеме жасап.
Құрлықтық шекара арқылы бұрынғы шектеулер сақталған, атап айтқанда Ресейге оқуға кіруге әлі де тыйым салынады. Ұшып келген студент көші-қон картасында өздігімен келу мақсатын «оқу» деп көрсетуі керек. Оқу орны осының негізінде келу кезеңіне тіркеу құжатын жасайды.
«Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі Ресейге үшінші ел арқылы тек тұруға ықтиярхаты бар адамдар кіре алатынын мәлімдейді. Егер Қазақстан азаматы Ресей Федерациясына Қазақстан Республикасы арқылы емес, Түркия арқылы кіруді жөн деп шешсе, онда оның Түркияда тұруға ықтиярхаты болуы тиіс», – делінген ақпаратта.
Екі ел арасындағы Нұр-Cұлтан – Мәскеу әуе рейстерін Air Astana мен Аэрофлот компаниялары жасайды. Әуе билеттерінің бағасы әрі ұшақтардың ұшу тәртібін әуе компаниялардың сайтынан білуге болады. Ресейге келетін азаматтарда коронавирус бойынша 72 сағатқа жарамды ПТР-анықтама болуы керек.