Қазақстан шерифтер қызметі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі кадр саясаты департаментінің басшысы Айдар Сайтбеков онлайн-брифинг барысында айтты деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Оның сөзінше, министрлік АҚШ, Ұлыбритания және Канада елдерінде кеңінен таралған шериф жұмысын үйренуді қарастыруда. Осы орайда АҚШ елшілігі көмекке келуге дайын екендіктерін білдірген.
Жалпы елімізде жергілікті полиция қызметін “Жұртқа жақын полиция” қағидаты бойынша реформалау және Қазақстан полициясын сервистік үлгіге көшіру жоспарлануда.
Бұл тұрғыда, полиция қоғамдық қауіпсіздікті үш бағытта қамтамасыз етпек: полицияның болуы қажет емес, тәртіп сақшылары тек қысылтаяң сәтте пайда болатын қауіпсіз жерлер, екіншісінде – адам көп жиналатын уақытта полицияның сол тұстан табылуы және соңғысында қауіп-қатер басым орындарда полиция өкілдерінің үнемі жүруі.
Қылмыс жиі қайталанатын аумақтарда тұрақты патрульдеу қолға алынып, тәулік бойғы бекеттер орнатылмақ.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы учаскелік полиция қосындарына барған депутаттар оларды жартылай қираған ғимараттарда жұмыс істейді, басы артық шаруаларға жегілген деп сынаған болатын.
Оған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру арқылы қарамағындағы мекеме өзіне тән емес қызметтерден арылды деп санайтынын жеткізді.
«Жергілікті полиция қызметін реформалауда құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына басты рөл беріледі. Олардың мәртебесін арттыру бойынша шаралар әзірленуде. Учаскелік институтты нығайту, лауазымдық айлықақыны және лауазымы бойынша шекті атақтарды арттыру көзделуде», – дейді министр.
Ведомство басшысы Қарағанды облысында жергілікті халықтың сеніміне ие болу үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік сипатына көшудің пилоттық жобасы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жақын арада дәл осындай жоба елордада жұмыс істей бастамақ.