Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды DalaInform.
Биылғы 23 қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың БҰҰ штаб-пәтерінде өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қол қоюына қатысты түрлі түсініспеушілік пайда болды. Осыған байланысты СІМ баспасөз қызметі келесі түсініктемені беру қажет деп санайды:
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы заңының 11-бабы 1) және 2) тармақтарына сәйкес, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге факультативтік екінші хаттаманы ҚР парламенті міндетті түрде ратификациялауы тиіс, өйткені ол адамның әрі азаматтың құқықтары мен бостандықтарымен байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге ережелерді белгілейді.
Осылайша, аталған халықаралық шарт ҚР парламентімен ратификациядан өткеннен кейін ғана күшіне енеді.
Ратификациялау кезінде екінші факультативтік хаттаманың 2-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекет әскери сипаттағы неғұрлым ауыр қылмыстар жасаудағы кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін ескертпе жасай алады.
Атап өтсек, кеше Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқаны туралы хабарланған еді.