Елордада Қазақстан халық партиясының (ҚХП) XVI кезектен тыс съезі өтті, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
Жиын ҚХП-ның мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының алдағы сайлауына қатысу мәселелеріне арналды. Съезді партия төрағасы Айқын Қоңыров өз баяндамасымен ашты.
«Біз партия брендін ауыстырдық. Коммунистік халық партиясы халық партиясына айналды, бірақ социалистік бағыт және негізгі қағидаттарды сақтап қалды. Біз заман ағымынан қалмай, қатар жүруіміз керек. Әйтпесе, нәтижелерімізді жақсарта алмаймыз. Қазір қатарымыз жаңа жақтаушылармен белсенді толығып келеді. Біз өзімізге конструктивті оппозицияның солшыл күштерін біріктіруге әрі әлеуметтік әділдік идеясын ұстануға ниеттіміз. Біз ел халқы бастамаларымызды қолдайды және біз фракция мүшелерінің санын арттыра аламыз деген деген сенімдеміз. Партия бұрынғыдай халықтың басым бөлігінің мүдделерін қолдауға, бюджет шығындарын, ресурстардың бөлінуін әділ бақылауға, елдің стратегиялық кәсіпорындарын ұлттандыруға қол жеткізуге, дәстүрлі құндылықтарды қорғауға, «баршаға арналған әлеуметтік бағыттағы әділ мемлекет» стратегиясының жүзеге асуын талап етуге ниетті. Сондықтан мен алдағы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына міндетті түрде қатысып, жеңіске жетуіміз тиіс деп санаймын. Бұл халық партиясына мемлекеттік билік жүйесінде позицияларын күшейтуге, өз бастамаларын тиімді ұсынуға әрі әлеуметтік бағыт этикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осы жолғы электоралдық науқан еліміз үшін ерекше маңызды әрі күрделі ішкі және сыртқы саяси-экономикалық жағдайда өтіп жатыр. Қазақстан халық партиясы «Халық, жер мен әділдік» ұранымен қатысады әрі жеңіске жетуді көздейді», – деді Қоңыров.
Жиын барысында Қазақстан халық партиясынан мәжіліс депутаттығына ұсынылған үміткерлердің партиялық тізімі жайлы айтылды.
«Партиялық тізімнің сандық құрамы 125 адамды құрайды. Бұл тізім барлық пікір және ұсыныстар ескеріле отырып жасалды. Сондықтан съезд қарауына 125 адамнан тұратын 2021 жылғы мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімі ұсынылып отыр. Мен тізімді атамаймын. Себебі олар қолдарыңызда бар», – деді жиналғандарға партия мүшесі Жамбыл Ахметбеков.
Жиында барлығы тізімді қолдап, дауыс берді. Тізімде 36 әйел (28,8%), 89 ер адам (71,2%), 29 жасқа дейінгі 9 жас азамат (7,2%) бар. Үміткерлердің орташа жасы – 46 жас. Ең жасы – 25-те, ең үлкені – 67 жаста. Мәжіліске ұсынылған кандидаттар арасында қазіргі мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров, Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Магеррам Магеррамов бар. Танымал депутаттар Владислав Косарев, Тұрғын Сыздықов пен Галина Баймаханова бұл тізімге енбеген. Толық тізімді осы жерден көре аласыздар.
Бұған дейін ADAL әрі Қазақстан халық партиясы қайта тіркеуден өткенін хабарлаған едік. Сондай-ақ ADAL партиясының мәжіліс депутаттығына 20 үміткер ұсынғанын, «Ауыл» партиясының да ұсыныстары жайлы жазған едік.
Атап өтсек, жуырда елордада орталық сайлау комиссиясының жиыны өтті. 2020 жылғы 10 қаңтарға белгіленген Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі және мәслихаттары депутаттарын сайлау жөніндегі науқан шеңберінде орталық сайлау комиссиясының отырысы ұйымдастырылды. Оған саяси партиялар, әділет министрлігі өкілдері, бейнеконференция байланысы режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимде бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Жиында келесі мәселелер қарастырылды:
1) Кейбір саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға жіберу туралы.
2) 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген парламент мәжілісі және мәслихаттары депутаттары сайлауына халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов сөз сөйледі. Ол 2020 жылғы 5 қарашада орталық сайлау комиссиясы 6 саяси партияны парламент мәжілісі депутаттары мен партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдағанын мәлімдеді.
«Сонымен қатар әділет министрлігі ақпараты бойынша, 2020 жылғы 11 қарашада «Бірлік» саяси партиясы қайта тіркеуден өтіп, ADAL саяси партиясы болып атауын өзгертті. Сондай-ақ 2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан коммунистік халық партиясы да тіркеуден өтіп, Қазақстан халық партиясы болып өзгерді», – дейді ОСК баспасөз қызметі.
ADAL саяси партиясы және Қазақстан халық партиясының барлық филиалы 14 облыстың әділет органдарында, бұған қоса Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында есептік қайта тіркеуден өтті. Осылайша, орталық сайлау комиссиясы ADAL саяси партиясы және Қазақстан халық партиясын парламенті мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылдады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені түйіндей келе, ортсайлауком төрағасы Берік Имашев ADAL партиясы Түркістан облысында өз филиалын қайта тіркеуді және Шымкент қаласында партия филиалын есептік тіркеуді жүзеге асырғанын атап өтті. Осылайша, партия барлық өңірдегі мәслихаттарға сайлауға қатысуға жіберілді.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша орталық сайлау комиссиясы мүшесі Анастасия Щегорцова сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында сайлау туралы конституциялық заңның 20-2-бабына сәйкес, шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларын аккредиттеуді сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша орталық сайлау комиссиясы жүзеге асыратынын жеткізді.
Осыған байланысты сыртқы істер министрлігінің 2020 жылғы 17 қарашадағы ұсынысы бойынша, аккредиттеуге 29 байқаушы ұсынылды. Олардың бәрі аккредитациялауға шығарылды. Барлық 29 байқаушы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) қатысушы елдердің парламентаралық ассамблеясынан аккредиттеледі. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылады. Халықаралық бақылау институтын биылғы 22 қазанда орталық сайлау комиссиясы ашқан болатын.
Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді деп жоспарланып отыр. Саяси додаға қатысатын партиялар қызу дайындыққа кірісіп те кетті. Олар съездерін өткізіп, халыққа сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жатыр.
Айгүл ЕЛТАЙ