Алматы облысында экономикалық тергеу департаментінің қызметкері өзге де құзырлы орын өкілдерімен бірлесе отырып, акцизделуі керек өнімдерді рұқсат құжаттарынсыз тасымалдап, сақтаған тұрғынды ұстады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Жедел іздестіру шаралары барысында Қарасай ауданы аумағындағы заңсыздық көзге түскен.
«Спирт иісі бар 12,2 тонна мөлшерінде сұйықтық құйылған «Вольво» автокөлігі тоқтатылып, қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде», делінген хабарламада.
Түркістан облысында болса, екі адам суррогат алкоголь өнімін жасайтын астыртын цехтың қызметін ұйымдастырған. Осы орайда Сарыағаш қаласының тұрғындары жалған есепке алу-бақылау маркаларын пайдаланған.
Тінту барысында көлемі 0,5 литр «Пшеничная» маркалы жалған алкоголь өнімінің 284 шөлмегі мен 600-ге жуық жалған есепке алу-бақылау маркалары тәркіленгені мәлім болып отыр.
Айыптыларға екі жүз сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды.
Шымкент қаласындағы астыртын цехты тексеру барысында көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркалары жабыстырылған 18 түрлі алкоголь өнімдерінің 6671 шөлмегі, 15 тонна спирт, 67 есепке алу-бақылау маркалары, сұйықтықтарды араластыратын сорғы, алкоголь өнімдеріне арналған 146 бос қорап және 750 бос бөтелке, 500-ден астам қақпақшалар және 40 625 теңге ақша қаражаты анықталып, тәркіленіп алынды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram