Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев су тасқынынан зардап шеккен Қабыл өлкесінің тұрғындарына қазақстандық гуманитарлық көмекті тапсыру рәсіміне қатысты деп хабарлайды Dalainform тілшісі еліміздің Сыртқы істер министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы және қоюлатылған сүттен тұратын азық-түлік 5 мыңнан астам мұқтаж отбасыға берілетін болады.
Шараға қатысқан Қабыл өлкесінің әкімі Мохаммад Якуб Хайдари мен Ауғанстан Ислам Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Гулам Бахауддин Жилани Ауғанстан үкіметі мен халқының атынан қиын кезеңде көрсетілген көмек пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.
Елші өз кезегінде Қазақстанның Ауғанстанға достас қарым-қатынасын және де еліміз осы күрделі жағдайда өңір елдеріне, соның ішінде Ауғанстанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Қазақстандық гуманитарлық көмек ауғандық 8 өлкедегі зардап шеккендер арасында таратылғанын атап өткен жөн. Аталмыш азық-түлік Қабылдан басқа Балх, Парван, Панджшер, Логар, Вардак, Бағлан және Саманган аймақтарында үлестірілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде «KazAID» атауымен осы Сыртқы істер министрлігіне қарасты кедей елдерге көмек агенттігінің құрылатыны айтылып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары енді дамып келе жатқан мемлекеттерге 500 миллион доллардан астам қаржыға жәрдем жасағаны белгілі болды. Қоғам арасында бұл мәселеге қатысты түсініспеушілік туындап, ел ішінде қордаланған түйткілді мәселелердің көптігі келтірілді.