Білім және ғылым министрлігі өкілдері орталық коммуникациялар қызметі брифингі барысында еліміздегі оқу жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
Вице-министр Рустем Бигари бірінші тоқсанды қорытындылады.
«Биылғы жылдың 16 қарашасында орта білім беру ұйымдарында екінші тоқсан басталды. Ал бірінші тоқсанды қорытындыласақ, өздеріңіз білетіндей, алғашқы тоқсанда миллионнан астам бала аралас форматта оқыды. 2,3 миллион бала қашықтан білім алды. Онлайн оқыту форматы үшін 8-ге жуық білім платформасы пайдаланылды. Оларды білім мекемелеріне жергілікті атқарушы органдар енгізді. Бірінші тоқсанда 82 миллионнан астам баға қойылғанын атап өткім келеді. Онлайн режимде 42 миллионға жуық үй тапсырмасы мен бақылау жұмыстары берілді. Оқыту жүйелеріне миллиондаған ата-ана және оқушы атсалысты. Бұған қоса сабақ беру тәсілдерінің бірі ретінде тв-сабақтар да қолданылды. Алғашқы тоқсанды ескере отырып, екінші тоқсанға да дайындалдық», – деді Р.Бигари.
Ал ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасы Айжан Есмағамбетова сары мен қызыл аймақтағы елді мекендерде кейбір оқушылардың неліктен офлайн білім алып жатқанын айтты.
«Оқудың жаңа форматына көшу себебі кезекші сынып оқушылары арасында аурушаңдықтың төмендігі болып отыр. Ата-аналардың көпшілігі қазір жұмыс істейді және жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша, мектептер офлайн режимде жұмыс жасауға дайын екені анықталды. Бірақ эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда, білім форматы бойынша шешімді өңірлік бас мемлекеттік санитар дәрігер мен әкімдік жанындағы өңірлік штаб қабылдайды», – деді Есмағамбетова.
Сондай-ақ оның айтуынша, 1 қыркүйек және 16 қараша аралығында кезекші сынып оқушылары арасында Covid-19 індетінің 302 жағдайы мен 1 вирустық пневмония жағдайы тіркелді. Қазір 456 бала емделіп жатыр.
БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Майра Мелдебекова оқушыларды компьютермен қамту мәселесі жайында баяндады.
«Жаңа оқу жылынан бастап тиісті шаралар атқарылды. Республикалық бюджет, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар да бұл мәселеге атсалысты. Қазір 600 мыңға жуық компьютер берілді. Негізгі басымдық біріншіден көпбалалы мен аз қамтылған отбасыларға жасалды. Қазір қашықтан білім алатын барлық бала компьютермен қамтамасыз етілді», – деді Мелдебекова.
Брифинг барысында «онлайн білім беретін мұғалімдердің жалақысы қысқара ма?» деген сұрақ та қойылды. Әлеуметтік желіде «қашықтан оқытатын ұстаздардың еңбекақысы қысқартылып жатыр» деген ақпарат тараған екен.
«Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов ешқандай қысқарту болмайды деп айтқан еді. Әр жағдайды тексеру керек. Егер бізге нақты кімдердікі қысқарғаны айтылса, біз зерттеп-зерделеп, тиісінше бұл проблемалар бойынша қорытындылар мен ұсыныстар жасаймыз», – деп жауап берді вице-министр Рустем Бигари.
Бұған дейін сенат депутаттары «пандемия кезіндегі білім сапасы – жалпыхалықтық проблема» деп, осы саладағы кемшіліктерді тізіп берген болатын.
Айгүл ЕЛТАЙ