Қаржы пирамидасы. Оның қанша түрі бар? Бұл алаяқтық бойынша елімізде қанша іс қозғалды? Қанша адам зардап шекті? Келтірілген шығын қандай? Пирамидадан қалай қорғану керек? Осы және өзге де сұрақтарға ішкі істер министрлігінің өкілдері жауап берді, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
Ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, Қазақстанда қаржы пирамидасы мәселесі әлі де аса өзекті болып отыр.
«Соңғы уақытта қаржы пирамидасы, алаяқтыққа қатысты көптеген сұрақ түсіп жатыр. Жалпы, пирамида – бұл халықтың шымбайына тиіп отырған мәселелердің бірі. Қазір көптеген азамат алаяқтарға алданған. Сондықтан оңай ақша табудың, болмаса құр сөз, бос уәденің артынан еріп кетіп жүрмеңіздер», – деп ескертті Нұрділдә Ораз арнайы брифингте.
Ал ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаржы пирамидасы туралы істердің тергелу барысы, жалпы осы сала жайында толық айтып берді:
Пирамида түрлері
Мен қаржы пирамидаларының бағыттарына байланысты бірнеше түрін атап өткім келеді. Олар – ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді жобаларға инвестициялау, заңсыз қызметті жасыру үшін желілік маркетингті пайдалану, жылжымайтын мүлік, автокөлік пен бағалы мүлік сатып алуға ақша жинауға көмектесу, эксклюзив клубтарға, тұтынушылық кооперативке мүше болу.
Қылмыстық іс саны
Биылғы жылдың басынан бері ішкі істер органдары қаржы пирамидаларын құру, ұйымдастыру бойынша 217 қылмыстық істі тергеді. Олардың 116-сы сотқа жолданды. Қазір 79 күдікті қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Дәл қазір тергеу департаменті түрлі пирамидаларға қатысты 13 қылмыстық іске тергеу жүргізуде.
Жәбірленушілер және шығын
Мысалы, қазір «Гарант 24 Ломбард» ЖШС, «Выгодный займ», «ЕSTATE Ломбард» бойынша тергеу департаментіне жәбірленушілерден 17 мыңнан астам өтініш түскен. Келтірілген материалдық шығын сомасы 22 миллиард теңгеден асты. Аталған ұйым басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркелген. Қазір 51 күдікті қылмыстық жауапқа тартылып отыр, ал 7 күдікті іздестірілуде.
Қаржы пирамидасын құрушылардан бөлек, оларға көмектескен серіктестердің де жауапкершілігі қарастырылған. Сондықтан ұйымдастырушылар ғана емес, аймақтық директорлар, менеджерлер және бухгалтерлер жауапқа тартылып жатыр.
Халықаралық іздеу
Қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеу аясында күдіктілерді ұстау бойынша бұрын-соңды болмаған іс-шаралар қабылданды. Бұндай шаралар шетелде де жүзеге асты. Мысалы, Молдова, Ресей, Қырғызстаннан Ұлттық гвардияның арнайы бортымен үш күдікті жеткізілді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Не тәркіленді
Біз күдіктілерден 70 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша алдық. Тергеу жедел топ тергеу амалдарын жүргізу барысында күдіктілерден 2 миллиард теңге соманы құрайтын мүлкін анықтап, тәркілеп, тыйым салды. Бұл мүліктің барлығының тағдыры кейін сотта шешіледі. Оларды жәбірленушілерге қайтару бойынша жұмыс атқарылады.
Qnet деген не
Qnet компаниясының басты кеңсесі Малайзияда орналасқан. Ол желілік маркетингпен айналысады. Оған адамдар түрлі зергерлік бұйымдар сату арқылы тартылады. Бастапқы жарна сомасы 30 долларды құрайды. Біз азаматтардың 211 өтінішін тіркедік. Жалпы ел бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы 217 бап бойынша Qnet компаниясының өкілдеріне қатысты 20 қылмыстық істі тергеп отыр. 220 адам – жәбірленуші. Келтірілген материалдық шығын сомасы 160 миллион теңгені құрайды. Жедел тергеу амалдары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Малайзия корольдігіне халықаралық тергеу тапсырмасы бағытталды. Бұл істің тергеу қорытындысы жайлы қосымша хабарлаймыз.
Үлескерлік құрылыстағы алаяқтық
Біз қазір үлескерлік құрылыста жасалған алаяқтық бойынша 27 қылмыстық істі тергеп жатырмыз. Бұл істер бойынша біз 305 адамды жәбірленуші деп таныдық. 3 миллиард 200 миллион теңгеден астам сомаға материалдық шығын келтірілді. Заң бұзған компаниялар туралы айтсақ, қазір Нұр-Cұлтан қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы «Шығыс» тұрғын үй кешені құрылысшысына қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бізде аталған қылмыстық іс бойынша 24 жәбірленуші бар. Келтірілген шығын сомасы 184 миллион 900 мың теңгені құрады. Бұған қоса, елордада «EXPO New life» тұрғын үй кешені үлескерлерінің өтініші бойынша «Шанг Хи групп» компаниясына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Біз бұл қылмыстық іс бойынша 2 эпизод тіркедік. Келтірілген шығын сомасы 2 миллиард теңгеден асты. Маңғыстау облысында да «Махаббат» тұрғын үй кешені құрылысына қатысты да қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл іс бойынша жәбірленуші болып 21 үлескер тіркелді. Келтірілген шығын 252 миллион теңгеден асты. Үлескерлік құрылыс бойынша барлық қылмыстық іс ішкі істер министрлігінің бақылауында. Олар бойынша арнайы жедел тергеу топтары құрылған.
Қармаққа кімдер түседі
Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қаржы пирамидалары бұл біздің жылдам байып кеткісі келетін, жоғары табыс уәде ететін жарнамаға тәуелді азаматтардың соқыр сенімінің салдары екенін көрсетіп отыр. Қылмыскерлер олардың сенімінің арқасында байымауы керек.
Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл азаматтарымыздың жәбірленушілер қатарына қосылмауы үшін жасалып отыр. Бұған қоса осы кең ауқымды жұмысты басқа мүдделі мемлекеттік органдар да жүргізеді. Атап айтқанда, ұлттық банк, қаржы министрлігі, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Жалпы мемлекеттік органдардың барлық жұмысы азаматтарымыздың санасында пирамида не екені, оны қаупі неде екені, бастысы, бұндай ұйымдарға қаржы құю күйреуге әкелетіні жайлы тұрақты ой қалыптастыруға бағытталған.
Пирамиданы қалай танимыз
Қаржы пирамидаларының ерекшелігі – жедел әрі жеңіл ақша табуды уәде ету. Олардың қаржы ұйымдарына жатпайтынын және оларда депозиттер қабылдау мен банк шоттарын ашып, жүргізуге реттеуші лицензиясы болмайтынын есте сақтау қажет. Біздің азаматтарға қаржы пирамидасына кіру өз қалауыңмен екенін және құқықтық сүйемелдеусіз жүзеге асатынын есте сақтау керек. Бұл дегеніміз халықтың құйған ақшасын қайтаруға ешқандай кепілдік жоқ.
Айгүл ЕЛТАЙ