Қазақстанда барлық өңірдегі өзен-көлдер сапасын онлайн бақылауға болады. Мәселен maps.hydromet.kz сілтемесі арқылы ауа құрамымен бірге су сапасын тексеруге болады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Интерактивті карта жерүсті суларына арналған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде мұндай бақылау 143 су нысандарында орналасқан 424 нүктеде, оның ішінде 93 өзенде, 31 көлде, 15 су қоймасында, 3 арнада және 1 теңізде жүргізіледі.
Түсінгеніміз, Қазгидромет мекемесі сайтындағы карта белсенді жұмыс істеп тұр және ол жерден кез-келген ел азаматы қай жердегі суды қандай мақсатқа қолдануға болатынын тексере алады.
Мысалы, 3-сыныпқа жататын су балық шаруашылығы, шаруашылық-ауызсу, өнеркәсіп сияқты барлық бағытта қолдануға болса, 4-сынып тек өнеркәсіп пен суаруға ғана жарамды.
5-сынып тек гидроэнергетика, пайдалы қазбаларды өндіру тәрізді мақсаттарда ғана алынып, басқа қажеттіліктерге кеңес етілмеген.
Өздеріңіз байқағандарыңыздай, 5-сыныптан төмені тіпті нашар, ешқандай жарамсыз күйде.
Республика бойынша бақылау 60 көрсеткіш: өлшенген заттар, ерітілген оттегі, сутегі көрсеткіші, магний, кальций, хлоридтер, сульфаттар, биогендік және органикалық заттар, ауыр металдар, пестицидтер және тағы басқалар тұрғысында қолға алынған. Су сынамалары Қазгидрометтің халықаралық стандарт бойынша рұқсаты бар 17 филиалында тексерілуде.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7 су нысанында, олардағы 20 нүктеде талдау жасаймыз. Мұндағы су арналы шекті мөлшерлі концентрацияға сәйкес келеді. Өзен-көлдерден су сынамалары айына бір рет алынып, талдау жасалады. Сәуір айында судың деңгейі көтерілетіндіктен екі рет тексеріледі. Сонда жылына бір нысанға 13 рет мониторинг жүргізіледі. Егер қандай да бір ластану деректері тіркелсе, ол ақпаратты тиісті органдарға жібереміз. Талдау нәтижелері бойынша ай сайын бюллетень таратамыз, сайтта да ақпарат жаңарып отырады», – дейді «Қазгидромет» РМК қоршаған орта ластануының мониторингі сынақ зертханасының басшысы Ербол Оразалин.
Еске сала кетсек, 18 қыркүйек – Дүниежүзілік су сапасын бақылау күні.