Алматы облысындағы Саты ауылында «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында экотуризмді дамыту тұжырымдамасы таныстырылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Тұжырымдама бойынша онда заманауи 3 визит-орталық, кемпингтер, этно-ауылдар салып, басқа да орындар дайындау көзделуде. Бұл ретте туристік бағдарлар мен соқпақтарды дамытуға басты назар аударылмақ. Экология министрлігінің сендіруінше күрделі құрылыс болмайды, жеңіл құрылымдар қолданылмақ.
«Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының директоры Данияр Тұрғанбаев экотуризмге арналған инфрақұрылым қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін негізгі көлдерден алыс болатынын айтады.
“Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасады. Шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – жергілікті табиғат ерекшелігін ескере отырып жасалған тұжырымдама. Тұжырымдаманың басты мақсаты – экожүйені бұзбау. Адамдар жаяу немесе велосипедпен жүріп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдайға келуіміз керек. Тағы бір мақсатымыз – елдімекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Тек ірі бизнес өкілдері емес, жергілікті халық туризмнің пайдасын көруі тиіс”- дейді ол.
Экология, геология және табиғи рескрстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзіне қарағанда, даму тұжырымдамасы саябақ жанынан құрылатын қоғамдық кеңес қарауына шығарылады.
«Байқауға қатысатын кәсіпкерлер, біздің тұжырымдамадағы идеяға сәйкес болған жағдайда ғана, жұмыс істеуге мүмкіндік алады», – дейді экология министрінің орынбасары.